«Полимерлік материалдар және технологиялар институтының» жекеменшік мекемесінің директоры – химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚазССР Мемлекеттік Сыйлығының лауреаты Құдайбергенов Сарқыт Елекенұлы полимерлер химиясы мен физикасы саласы бойынша кеңінен танылған маман. Ғылым және техника саласы бойынша ҚазССР Мемлекеттік Сыйлығының (1986 ж.) және әлемдік басылымдарда қазақстандық ғалымдардың жұмысына жасалған сілтеме саны жоғары автор ретінде «Парасат» Сыйлығының лауреаты (2010 ж.), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға үлес қосқаны үшін» Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің төс белгісі (2012 ж.) иегері.
Негізгі ғылыми бағыты – мұнай өндірісі, мұнай химиясы, катализ, нанотехнология, биотехнология, медицина және қоршаған ортаны қорғау салаларына қажетті арнайы мақсаттағы полимерлер алу.
Бірлескен авторлықта орыс, поляк және ағылшын тілдерінде 15 монография, 400-ден астам ғылыми мақалалар мен шолулар, оның ішінде 100-ден астамы ағылшын тілінде халықаралық импакт-факторы жоғары басылымдарда жарияланған. 2002 жылы «Polyampholyets: Synthesis, Characterization and Application» атты ағылшын тіліндегі іргелі монографиясы «Kluwer Academic/Plenum Publishers атты (New York, Boston, Dordrecht, London, Moscow) беделді американдық баспада жарияланды.
Сарқыт Елекенұлының жетекшілігімен 3 докторлық және 9 кандидаттық диссертация қорғалды. Оның ғылыми жұмыстары жыл сайын 25 сілтеме индексін құрайды. Хирш индексі – 17 (Google scholar). «Supramolecular Catalysis» Халықаралық журналының редакциялық алқасы және Халықаралық ЮПАК “MacroMolecular Complexes (MMC)” мен “Macro- and Supramolecular Architectures and Materials” (MAM) Ұйымдастырушы комитетінің мүшесі.