2024 жылдың сәуір айында Полимер материалдары және технологиялары институтына Мирзо Улугбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің физикалық химия кафедрасының меңгерушісі, профессор Хамдам Акбаров келді. Ол Институттың ғылыми бағытымен және құрал-жабдықтарымен танысты. Полимерлердің физикалық химиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді.
Біз Еуропадамыз
Еуроодақтың «Горизонт 2020» бағдарламасы аясында Полимер материалдары және технологиялары институтының бір топ қызметкерлері 2023 жылдың 01 маусым мен 06 шілде аралығында Хельсинки университетінде іс-сапармен болды. Профессор Құдайбергенов С.Е. университеттің полимер және коллоидтық кафедрасында «Полиамфолиттер: Кешегісі, Бүгінгісі және Болашағы» туралы бір сағаттық дәріс оқыды және оқыған дәрістің тақырыбы бойынша 2021 жылы Қазақстанда ағылшын тілінде жарық көрген кітабын Хельсинки университетінң кітапханасына сыйға тартты. Сонымен қатар ол кітабын Англиядағы Рединг университетеінің докторанты Манфей Фуға (Man Fei Fu) сыйлады.
Дәстүр бойынша Хельсинки университетінің екі құрметті профессоры (Хейки Тенху мен Владимир Асеев) қазақтың ұлттық шапанын киді.
Сонымен қатар қазақстандық делегация Еуроодақтың «Горизонт 2020» бағдарламасы аясында арнайы мақсаттағы полимерлерді синтездеу және зерттеуге арналған «НАНОПОЛ» шағын семинарына қатынасып, «Амфотерлік наногельдерге иммобилизацияланған бояғыштардың температура мен иондық күштің әсерінен ертіндіге шығу кинетикасын зерттеу» туралы баяндама жасады. Семинарға Англия, Германия, Қазақстан, Ресей, Финляндия, Франция елдерінің ғалымдары мен мамандары қатысты.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) студенттерінің ғылыми-тәжірибелік практикасы
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «6В05301-Химия» мамандығының 3 курс студенттері Полимерлік материалдар және технологиялар институтында жазғы ғылыми-өндірістік практикаға қатысты. Олар Институттың құрал-жабдықтармен танысып, суда еритін және суда ісінетін полимерлердің физика-химиялық қасиеттеріне зерттеу жұмыстарын жүргізді. Студенттердің практикасын Институт қызметкерлері – Г.С.Татыханова және Н.Н. Ғизатуллина өткізді.
Толық ақпаратты мына сайттан қараңыз: https://www.kaznpu.kz/ru/29313/news/
Хельсинки университетінде тағылымдамадан өтті
2024 жылдың сәуір-мамыр айларында Институттың жас қызметкерлері – Тулеева Рысгүл мен Гизатуллина Наргиза доцент Асеев Владимир Олеговичтің жетекшілігімен Хельсинки университетінің коллоидтық және полимерлер химиясы зертханасында екі айлық тағылымдамадан өтті. Жұмыстың мақсаты табиғи полисахаридтерді – геллан мен хитозанды түрлендіру арқылы полиамфолиттер алу, олардың көмегімен алтын нанобөлшектерін тұрақтандыру және одан әрі ісік ауруларына қарсы плазмондық фототермия терапиясында қолдану. Геллан мен хитозанның модификацияланған өнімдері лазерлік жарықтың динамикалық шашырауы, протондық ЯМР спектроскопиясы және трансмиссиялық электронды микроскопия көмегімен зерттелді.
Ширек ғасыр асулары
“Армансыз адам, қанатсыз құспен тең” дегендей осыдан ширек ғасыр бұрын алға нақты мақсаттар қойылып, сол уақыттағы ғылым саласындағы дағдарыстарға қарамай, ең бірінші болып елімізде 1999 жылдың 14 қаңтарында жеке меншік «Полимер материалдары және технологиялары институты» құрылды. Институттың негізін қалаушы химия ғылымдарының докторы, профессор, 1987 жылғы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сарқыт Елекенұлы Құдайбергенов. Полимер материалдары және технологиялары институты катализ, медицина, биотехнология, нанотехнология, мұнай саласы және қоршаған ортаны қорғауға арналған полимерлерді синтездеумен қоса оларды алдыңғы қатардағы технологияларда қолданумен айналысып келеді. «Ширек ғасыр асулары» жинағында С.Е. Құдайбергеновтың жетекшілігімен 25 жыл уақыт ішінде полимерлер ғылым саласына Институттың қосқан үлесі, атқарған қызметі және жеткен жетістіктері баяндалған. Сонымен қатар Институт ұжымының ширек ғасыр ішінде орындаған ғылыми жобалары, қорғаған диссертациялық жұмыстары және әлемдік деңгейдегі ғылыми басылымдары осы кітапшада толық қамтылып берілді. (Мәліметтерді тіркелген PDF файлдан қараңыз)
Достар, әріптестер, қызметкерлер және оқушылар
Институттың негізін салушылар
Институттың жас ғалымдарымен бірге